Жанболатов Молдабек

Туған жер, ел тарихы жайындағы тарихи-танымдық шығармалардың авторы, белгілі қаламгер, Қазақстан Республикасының оқу-ағарту ісінің үздігі, Қазақстан Республикасыынң Журналистер Одағының мүшесі Молдабек Жанболатұлы Жанболатов 1936 жылы 7 желтоқсанда Абай ауданында дүниеге келген.  Ұзақ жылдар Абай, Ақсуат, Жаңасемей аудандарында комсомол, кеңес, партия органдарында басшылық қызметтерде болған шежіреші-қаламгер еліміздің Шығыс аймағында мәдениет, әдебиет, өнер, ұлттық рух туының биікте болуына ат салысып келеді.

Ауыл мәдениеті, бала тәрбиесі, ұлттық өнерді халықтық әдет-ғұрып, салт-салтанат үлгісін сақтап, оны өмірге орнықтыру мақсатында жүргізіліп келген жұмыстарын аудандық, облыстық газет, телерадио хабар арқылы насихаттауды дағды еткен Молдабек Жанболатұлы төселген қаламгер, журналист болып танылған адам. Халқымыздың археологиялық, этнографиялық қазынасы мен ауыз әдебиеті, қолөнерінің, тұрмыстық дағды, мінез-құлық, әдеп-дәстүр, ырым-тыйым, жол-жора үлгілерін сұрыптап, оның озық үлгілерін насихаттауда білімдарлық көрсетіп келе жатқан өнегелі тұлға.

«Таным, талғам, тағылым», «Өнегелі өмір», 7 томнан тұратын «Тобықты-Шыңғыстау шежіресі», «Наурызнама», «Би ата», «Әнет баба», «Тобықты Мамай батыр, би», «Батыр баба», «Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез» атты кітаптар жазып, «ШҚО энциклопедиясына» 230 адам, жер-су тарихынан деректер берді. Осы шығармаларды жинап, жүйелеп жазуға ширек ғасырдан артық өмірін арнаған Молдабек Жанболатұлы Тобықты жұртының Сыр бойындағы, Түркістандағы, Алатау алқабы Жетісу бойындағы, Балқаш Тоқырауындағы Алтай, Ақ-Қара Ертіс бойындағы шашырап кеткен ұрпағын туыстарын түгендеуші ғана емес, халық тарихын тірнектеп жинап, бар қазақ етене туыс, тағдырлас жұрт екенін дәлелдеп келеді.

Энциклопедия