Ибрагимов Төкен

Белгілі жазушы, сыншы әдебиет пен өнер зерттеушісі, абайтанушы Төкен Смайылұлы Ибрагимов бұрынғы Семей облысы, Ақсуат ауданы «Жаңа несіп» колхозының Кезеңшілік деген жерінде 1939 жылы 15 ақпанда дүниеге келген. 1957 жылы орта мектепті бітірген соң, 1958 жылы Алматыдағы КАЗПИ-дің тарих-филология факультетіне түсіп, оны 1964 жылы ойдағыдай аяқтап шығады. 1971-1975 жылдары аспирантурада оқиды. Болашақ қаламгер өзінің еңбек жолын қарапайым ауыл жұыстарынан бастады.

1964-1969 жылдары Жданов атындағы сегіз жылдық мектепте тәрбиеші, қазақ тілі мен әдебиет және тарих пәндерінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет етті. 1969-1976 жылдары Семей облыстық телевидениесінде әдебиет-драма, музыкалық ақпараттар редакциясының редакторы, аға редакторы қызметтерін атқарды. Алғашқы еңбектері студенттік жылдары «Лениншіл жас», «Екпінді» газеттерінде, «Жұлдыз» журналында жарық көрді.

1976 жылдың 12-сәуірінен күні бүгінге дейін Абай қорық мұражайының шырақшысы. 1996 жылы «Қазақстанға еңбегі сіңген қызметкері» атағы берілді, 1998 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Жұртшылыққа ұлы Абай мұрасы, жалпы қазақ поэзиясы, мәдениеті жайлы зерттеу еңбектері арқылы кеңінен танымал қаламгер өзінің «Өлең өрісі» (1979 ж.), 1999 жылы «Оймен оңаша» атты поэзиясы, «Индираға хат», «Толқын толғау» (2001 ж.) монографиясының, «Сағыныш», «Қара бұзау», «Сары құс» әңгімелерінің, «Жаза» операсының либреттосы т.б. екі жүзден астам әдеби-сын, әдеби зерттеу, абайтану еңбектерінің авторы. «Күй әлемі», «Ән өлкесі» атты кітабы халқымыздың кешегі –бүгінгі ән-күй қазынасы мен қазіргі күйшілік, әншілік орындаушылық шеберлік мәселелерін қозғайды. Жазушы «Толқын толғау» деген кітабында ән асылы, күй құдіретін тыңдай білетін жанашыр жанның жан-тебіреніс, толғаныстарын суреттейді.

Энциклопедия