Құлжанова Нәзипа
Семей өңірінде өткен ғасырда қаламыздың тарихында елеулі із қалдырып, елдігімізге өз өрнектерін қалдырған тұлғалар болды.Сондай тарихи тұлғалардың бірі, қазақтан шыққан тұңғыш ағартушы, педагог ғалым, тамаша аудармашы және қоғам қайраткері – Нәзипа Құлжанова.
Нәзипа Құлжанова – Торғай өңірінің тумасы болса да ұлы ақын Абай Құнанбаевтың әдеби мұраларын насихаттауда өзіндік еңбек еткен алдыңғы қатарлы топтың өкілдерінің ішінде есімі ерекше аталатын білімді жан. Нәзипа Сегізбайқызы 1887 жылдың 27 шілдесінде Қостанай облысы, Жанкелді ауданында туып өскен .
1982 жылы Ленинградтағы Орталық Мемлекеттік архив деректері бойынша Торғай облысындағы бірден-бір оқу орны – Қостанайдағы орыс-қазақ әйелдер прогимназиясының барлық төрт жылдық курсын ойдағыдай бітіріп шыққан (1898-1903).
1903-1904 жылдары Торғайдағы қыздар училищесін ойдағыдай аяқтап, біраз уақыт сол училищеде көмекші мұғалім болып тағайындалады. Ерлі-зайыпты білімді екі жас Нұрғали, Нәзипа Құлжановтардың Торғайдан Семейге келуіне не себеп деген сұраққа келсек, сол кездегі феодалдық-патриархалдық рушылдық қоғамның әдет-салты әлі үстем болып тұрғанда тыныштықпен, бейбіт өмір сүре алмады. Сондықтан, туған жерден алысырақ шеткері жатқан сахара төріне қарай – Семей қаласына сапар шегеді. Олар келген жыл Абайдың дүниеден өткен жылы 1904 жыл болатын. 1905 жылы «Семипалатинский листок» газеті Абайдың қайтыс болуына байланысты Ә.Бөкейханов көлемді қазанама жазды. Онда оның өмірін, халықтық ақын екенін жұртқа бірінші рет танытқан алаш азаматы Әлихан Бөкейханов болды. Құлжановтардың да ұлы Абаймен таныстығы да осы жылдардан басталды.
1905 –20 жылдары Семей қаласындағы оқытушылар семинариясында ұстаздық еткен. Батыс Сібір Орыс Географиялық қоғамының Семей бөлімшесіне мүше болған. Ол туралы Семей облыстық өлкетану музейінің ғылыми кітапхана қорында сақталған жазбалардың деректері бойынша:1914 жылғы «Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела РГО, выпуск ХІ, 1917 год» деген кітапшада Географиялық қоғамның мүшелері Федор Николаевич Белослюдов, Нұрғали, Нәзипа Құлжановтар деп жазған деректер бар. Қазақ қыздарының арасында тұңғыш рет Географиялық қоғамның мүшесі болған Нәзипа Құлжанова 1914 жылы 26 қаңтар күні Семей қаласында ұлы Абайдың қайтыс болғанына байланысты он жыл толуына орай әдебиет кешін ұйымдастырып, сол кеште орыс тілінде тамаша баяндама жасап шығады. Ақын Абайдың өлмес даңқының сыр-сипатына терең баға береді. Алғаш рет Абай өлеңдерінің орысша аудармасынан үзінділер оқиды. Бұл Нәзипаның ең басты тарихи еңбегі болып табылады. Ол Орыс Географиялық қоғамының мүшесі ретінде қазақ халқының тұрмыс-салт, әдет-ғұрыптарын, ауыз әдебиеті мен фольклорлық шығармаларын зерттеп, оларды кеңінен насихаттаумен айналысты.
Нәзипа, Нұрғали Құлжановтардың Семей қаласы тұрғындары арасында тұңғыш рет қазақ тілінде ойын-сауық ұйымдастырып,өнерлі адамдарды, халықтың телегей теңіз ән-күйін насихаттау жолындағы еңбектері бір төбе. Бірақ қазақтың ән-күйлері жайында жазған еңбектері әлі де жарияланбай келеді. Нәзипа Құлжанова Семей қаласында оқу-ағартаушылық саласында елеулі еңбектер сіңіргенін құжаттар растайды. Төңкерістен кейін кейінгі кезеңде Нәзипа Құлжанова қазақ баспасөзінде қызмет атқарады. «Қазақ», «Сарыарқа» және «Алаш» газеттеріне әйел мәселесіне байланысты мақалалар жариялайды. 1917 жылы Семей облыстық қазақ съезіне қатысып, оның төралқасы құрамына енеді. 1920 жылы Қырғыз (Қазақ) АКСР Оқу ағарту комиссариатының қазақ тілінде оқулықтар, кітаптар шығару мен баспасөз істері жөніндегі комиссияның белді мүшесі болған. Осы қызметте жүріп, жаңа қазақ әліпбиін енгізу жөніндегі Орталық Комитеттің құрамына мүшелікке енген.
Нәзипа 1930-жылдардың басында Мәскеуге барып Н.К.Крупскаямен кездесіп көптеген ақыл-кеңестер алады. Әлі де еңбек етіп, көлемді туындылар жазбақ болған журналист, ағартушы Нәзипа Құлжанова 1934 жылы Алматы қаласында дүниеден өтеді. Алғаш рет Нәзипа, Нұрғали Құлжановтардың есімін республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде жариялаған белгілі ақын Мәриям Хакімжанова екен. Онан кейін де «Семей таңы» және «Иртыш» газеттерінің № 96,97 сандарында (19 мамыр 1967 жыл) «Сарғайған сурет сыры?» атты К.Сәкиева мен С.Сырымбетовтердің бірігіп жазған екі газетте бір мезгілде жарық көрген шағын мақаламен қоса екеуінің түскен суреті шыққан. С.Сейфуллин, С.Торайғыров, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, М.Хакімжанова, С.Бегалин, Қ.Мұхамеджанов, Ә.Жиреншин сияқты ғалымдар, жазушылар Құлжановтардың Қазақ революциясына дейінгі және онан кейінгі қоғамдық жұмыстары, әдеби еңбектері жайлы реті келген жерде еске түсіріп, өз шығармаларында айтып отырды. Қорыта айтқанда, бүгінде сол ағалар мен апалардың салып кеткен рухани ізі жалғасын тауып, қазіргі және келер ұрпаққа мәңгілік мұра боп қалды.