Абай ауданы – Абай облысының батысына орналасқан. Аумағы – 20 мың шаршы км. Ауданның әкімшілік орталығы – Қарауыл. Құрамында 9 ауылдық округ, 11 ауыл бар.
Абай ауданы – қазақтың ойшыл ақыны ұлы Абайдың, кемеңгер Шәкәрімнің, ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтың отаны. Есімі ел тарихына алтын әріптермен жазылған батырлар мен сұңғыла ғалымдардың алтын ұясы.
Абай ауданы аумағында жиыны 8 музей, 40 ескерткіш, 40-қа жуық саябақ пен аллея және «Абай жолы» роман-эпопеясында жазылған 100-ден аса тарихи орын бар. Олардың қатарында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы, ұлы Абайдың кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақ, Құнанбай баба әулеті жерленген Ақшоқы қорымы, Қоңыр әулие үңгірі және өзге де нысандар бар.
Абайдың аналары – Зере, Ұлжан, жұбайлары – Ділдә мен Әйгерімге, балаларына ескерткіш-мазарлар орнатылған. «Еңлік-Кебек» кесенесі де осында. Абай шәкірттері Көкбай, Шәкәрім, Абай ауданында өмір сүрген. Жидебай қорығы, Сарыкөл, Қоңыр әулие үңгірлері, Еңлік-Кебек зираты, т.б. тарихи орындар мен туристік маңызды көрікті жерлер бар.
Тарихы
Абай ауданының тарихы ХХ ғасырдың 20 жылдарының аяғынан басталады. Оның алғашқы іргетасы 1927 жылы қаланып, оған Бұғылы, Шаған, Шыңғыс, Қызыладыр, Мұқыр болыстары біріктіріледі.
1928 жылы – қаңтарда Шыңғыстау ауданының негізі қаланды.
1930 жылдың қараша айынан бастап ол Голощекин болып ауыстырылды. Осы жылдың желтоқсанында ауданға бұрынғы атауы қайтарылады.
1939 жылы – Шығыс Қазақстан облысының (ШҚО) құрамында болған Шыңғыстау ауданы Семей облысының құрамына кіреді.
1940 жылдың 5 қазанында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша қазақтың басақыны Абай Құнанбаевтың 95 жасқа толу мерейтойына орай Шыңғыстау ауданы Абай болып өзгертіледі.
1997 жылы – Семей облысының таратылуына байланысты Абай ауданы ШҚО құрамына енген.
2022 жылдың 8 маусымында бұрынғы Семей облысының аумағы Абай облысы болып құрылды. Абай ауданы Абай облысының құрамына енді.
Табиғаты
Аумағы – 20 093 км². Жері бедері ойлы-қырлы болып келеді. Оңтүстік-батысын Ханшыңғыс (1152 м) және Шыңғыстау (1077 м), шығысын Дегелең, Ордатау, батысын Дос таулары алып жатыр. Кен байлықтарынан мәрмәр, гранит, қиыршықтас, құм, т.б. өндіріледі. Аудан батысы мен солтүстігінде Жаңасемей ауданымен, оңтүстігінде Аягөз, шығысында Жарма аудандарымен шектеседі.
Климаты континенттік, қысы суық, жазы ыстық, құрғақ. Орташа ауа температурасы қаңтарда – 15,5°С, шілдеде – 20,5°С. Жауын-шашынның орташа жылдық мөлшері – 250–350 мм.
Аудан аумағынан Шаған, Ащысу, Бөкенші өзендері ағып өтеді. Жазда құрғап қалатын ұсақ өзендер мен жылғалар, ащы және сор көлдер көп. Жері қоңыр және сортаң топырақты келеді. Өсімдіктерден далалық өңірде селеу, бетеге, жусан, ши, таулы өңірлерде терек, қайың, өзен бойларында тал, қарақат, мойыл өседі. Жануарлардан арқар, елік, қасқыр, түлкі, ор қоян, қарсақ, борсық, күзен, тиін, сарышұнақ; құстардан дуадақ, құр, бұлдырық, бөдене, тырна, қаз, үйрек, бүркіт, т.б. мекендейді.
Экономикасы
Аудан экономикасының негізгі бағыты – мал шаруашылығы. Ауыл шаруашылығынана пайдаланатын жер аумағы – 3271,2 мың га (2006), оның ішінде егістік жері – 66,6 мың га, шабындық – 61,4 мың га, жайылым – 3141,1 мың га (2001).
Мәдениеті
1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша әлемдік деңгейде атап өтілді. Сәулетті «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында 1995 жылы ашылған.
Селеулі сайын дала кеңістігінде жолаушы көзіне ақшаңқан қос күмбез көрінісі шалынады. Биікке, көгілдір аспанның шыңырау көгіне ұмтылған бұл күмбездер адам рухының өршіл күш қуатын көрсеткендей. Абай-Шәкәрім мавзолейі Жидебай жерінде орналасқан.
Бүгінде Жидебай – әдеби Меккеге айналған, үлкен тағзым етер орын.
Кешеннің құрылысы 1993 жылы басталған болатын. Жоба авторлары – КСРО Сәулетшілер одағының мүшесі, Жапония мен Болгариядағы Халықаралық конкурстардың лауреаты Бек Ибраев басшылық еткен сәулетшілердің шығармашылық тобы. Мемориал тұжырымдамасының негізіне қазақтардың дүниетанымын толыққанды да барынша білдіретін дәстүрлі космогониялық түсініктері алынған. Сәулетшi өз идеясында, тұтас кесене Сарыарқаның кең даласының төсiнде поэзия айдынында баяу жүзiп бара жатқан Абай мен Шәкәрiмнiң қос желкендi кемесi сынды болып көрiнуi керек деген шешiмге келген болатын. Бұл кесененiң кеме сияқты жақсы көрiнiс беретiнi, күн қатты ысыған кезде далада сағым көтерiледi. Көрген адамға осы сағымда алыстан теңiз толқығандай болып тұрған заматта, Абай-Шәкәрiм кесенесi сол сағым-теңiздiң үстiнде үлкен бiр ой құшағында қалықтап тұрған, ойдың алып кемесi сияқты әсер етедi. Кесенелердің келбеті мұнара тәрізді, бір-бірінен пластикалық қасбетімен және күмбездерінің қалай біткендігімен ерекшеленеді.
Абай мұнарасының биіктігі 32,5 метр, ал Шәкәрім мұнарасының биіктігі 31,5 кесененiң iргетасының ұзындығы – 200 метр. Көлдеңiнен (енi) – 65 метр, биіктігі – 5м. Қабірлер арасы – 140 м. Бұл – қазiр әлемде үлкендiгi жағынан бiрiншi орында тұрған алып космостық құрылыс. Өйткенi, жер бетiнде мұның ауқымындағы ескерткiш-зират жоқ екен.
«Семей – Қарауыл» трассасында аңызға айналған ғашықтар жұбына құрмет ретінде салынған «Еңлік-Кебек» кесенесі орналасқан.
Ералы жазығы – Абай ауданы М. Әуезов атындағы шаруашылық жеріндегі қоныс. Ені 10-20, ұзындығы 30-40 шақырым. Кеңгірбай бидің баласы, Бөжейдің әкесі Ералы дүние саларыңда ағайын-туғандарын жинап алып, арыз-хош айтысып жатып, Ащысу ені бойындағы төбені нұсқап, «Ертең мұнда Ералым жатыр демейсіңдер ме, ана төбеге жерлеңдер», – деп өсиет қалдырған. Бұрынғы Семей-Шыңғыстау тас жолының бойыңдағы, қазіргі Семей-Қарауыл тас жолынан 4-5 шақырым жердегі төбе басындағы бейіт Ералыныкі болғандықтан, жайлау Ералы деп аталып кеткен. Мұнда Еңлік пен Кебек жерленген. Ұрпақтары басына ескерткіш-белгі қойған. Ащысу өзеннің қақ жарып ағатын Ералы қорығы бойында Абай көп тарихи оқиғаларды бастан кешіріп, інжу жырларын осы Ералы жазығында қағаз бетіне түсірген. 1917 ж. маусымда М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы киіз үй сахнасында қойылған Ойқұдық қонысы да осында.
Абай ауданындағы киелі орындардың бірі – Қоңыр әулие үңгірі. Ол Абай ауданы Шыңғыстаудың батыс жағындағы Шаған өзенінің оң жағалауына орналасқан. Үңгір ішіндегі көлдің ұзындығы 25 метр, ені 10, кейбір жерінің тереңдігі 5 метрге дейін, көлемі әр жылы бір түсіп, бір көтеріліп тұратыны анықталған. Көл суының орташа температурасы 4 С. Жергілікті қариялардың айтуына қарағанда бабаларымыз ерте заманнан көлдің емдік қасиетін білген, жоңғарлармен шайқастан соң жараларын емдеу үшін көл суына түскен. Шыңғыс хан әскері де осы көлге тоқтап, жараларын емдеген. Аңыз әфсаналарға құлақ түрсек 15 метрлік су астындағы құпия есік арқылы үлкен қуыс-үңгір – Жұмбақ хан Шыңғыс ханның соңғы мекені болуы да мүмкін.
Барлыбай қорымы, біздің дәуірімізге дейін VII-III ғасыр, біздің дәуір VII-IX ғасырлардағы археологиялық ескерткіш. Кеңгірбай би ауылынан оңтүстікке қарай 50 км, Барлыбай аймағында.
Қоратоғай қорымы, біздің дәуір VII-IX ғасырларға жататын археология ескерткіші. Қарауыл ауылынан оңтүстікке қарай 25 км, Қоратоғай шатқалында. Нұрмағанбет қорымы, біздің дәуірімізге дейін VII-III ғасырларға жататын археология ескерткіші. Арқат ауылынан батысқа қарай 25 километр, Нұрмағанбет аймағында.
Орда қорымы, біздің дәуір VII-IX ғасырлар археология ескерткіші. Архат ауылынан батысқа қарай 20 км, Семей-Қарауыл жолының бойында, Орда тауының шығысында.
Сарыкөл ежелгі түрік қорғандары, тас мүсіндері, ерте орта ғасыр археология ескерткіші. Қарауыл ауылынан 30 км, Сарыкөл көліне қарай. Сылдырбұлақ қорымы, XVII-XI ғасырлар – біздің дәуірімізге дейін VII-III ғасырлар археология ескерткіші. Кеңгірбай би ауылынан оңтүстікке қарай 45 км, Сылдырбұлақ аймағында.
Айпара-ана мазары, Қарауыл ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 15 км, Бөкенім өзенінің жағасында. Ақтамберді мазары, 1989 жылқала құрылысы және сәулет ескерткіші Жүрекадыр ауылының оңтүстік батысында. Кеңгірбай би ескерткіші, 1999 жылы салынған монументтік өнер құрылысы. Кеңгірбай би ауылының ортасында.