Үржар ауданы

Исследуйте Абайскую область с помощью нашей интерактивной карты. Выберите категорию и найдите интересные места рядом с вами.

Үржар аужаны – Абай облысының оңтүстігінде Семей қаласынан 373 шақырымдай қашықтықта  орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлік. Аудан 1928 жылы құрылып, 1997 жылы құрамына Мақаншы және Таскескен аудандарының жерлері енді. 2024 жылы Мақаншы ауданы қайтадан бөлініп шықты. Жерінің жалпы ауданы 12 мың шақырым². Аудан орталығы – Үржар ауылы. Үржар ауданы Қазақстанның шығысындағы ең үлкен аудандарының бірі болып саналады.

Тарихы

Қазақстанның Шығысында Тарбағатай тауларының күнгейінде Үржар ауданының және осы аттас өзеннің бар екендігі баршаға аян. 1792 жылы жарық көрген И.Сиверстің «Письма из Сибири» атты еңбегінде Тарбағатай мен Үржар атаулары аталып өтіледі.

Үржар елді мекені 19-ғасырдың елуінші жылдарында орыс-казак поселкесі ретінде пайда болған деп жазылады. Үржар станциясы 1854 жылы құрылған. Бұл арада бірінші болып Сібірден қоныс аударғандар, онан кейін Жетісу қазақтарының әскерлері тұрған еді. Кейінен Батыс Сібірдің шаруаларына бұл жаққа көшіп келуіне рұқсат берілді.

1867-79 жылдар аралығында Қытайдың сауда өкілдігі жұмыс істеп тұрған. Үржар арқылы Ташкент және Семей керуен жолы өткен. Үржар өзенінің төменгі ағысында Алакөлге құяр Сарбұлақ өзенінің жағасында әртүрлі ағаштар – биік теректер, қайың, тораңғы өседі. Ағаштардың бұтақтары әртүрлі құстардың ұясына толы. Өзен жағасы салт атты көрінбейтіндей тік жарлы болып келеді. Осы жарларда керуендерді тонайтын қарақшылар мекендеген деседі. Осыған байланысты ұры жар – Үржар атауы қалыптасқан дейді. Тағы бір аңыз-әңгімелерде Жарқабаққа жағалай құстар ұя салған. «ҮҮР» сөзі монғолшадан аударғанда ұя дегенді білдіреді. Уақыт өте келе бір Ү түсіп қалып, Үржар, яғни ұяға толы жар деген сөз қалған деген пікірлер бар. Сонымен қатар, 1648 жылдары Тарбағатай тауын мекендеп, көшіп-қонып жүрген қалмақтар арасына келіп, рухани азық беруші Зая-пандитаның өмірдерегін жазушы Рандабахадраның еңбегінің орысша аудармасының 61-бетінде: «Осень года быка (1649) (Зая-пандита) провел в (урочище) Улу-хун между (рек) Ур и яр. Зимовал же в Хара-бута ниже по течению от сумэ на (реке) Бора-Тала»-делінген. Үржар өзені басталар тұсы оң саласын Кішкенетау өзенімен, сол саласын Қосақ өзендерімен бастаса, ортасынан Талдыбұлақ бұлағы құйылып, Үржар елді мекенінің маңында бірігеді. Кішкенетау өзені бастауын Ақперілі биігінің сайларынан алып, етекке қарай құлдилап ақса, Қосақ өзені таудың тік шатқалдарын жара отырып ағады. Жарты әлемді жаулаған Ақсақ-Темірдің жорық жолын жырлаған шайыр Абд ар-Раззак Самаркандидің еңбектерінде де Урунг-Иар деген атау жиі кездеседі. Оның еңбегінде Қайас деген Әмірдің қолбасшысы Урунг-Иар деген жерде Инге деген төрені қуып жетіп, тас-талқан етіп жеңеді. Тарихи деректерге жүгінсек, шындығында сол тұстағы Әмір-Темірдің жорықтары солтүстік Моғолстан мен Ертіске дейінгі аралықты қамтыған екен. Осы оқиғаларға байланысты айтылатын «Урунг-Иар» атауы Үржардың ең алғашқы атауы болуы да ғажап емес деген пікірлер де кездеседі.

Табиғаты

Үржар өңірі табиғаттың анық бояуы деуге әбден болады, бір жағы жазиралы дала, енді бір жағы көкжиекке көлденең түсіп жатқан Тарбағатай асулары. Қыс алдымен тауда басталып, алғашқы қар құзарт белдерде жатады.

          Үржар ауданы батысы мен солтүтік – батысында Аягөз, солтүстігінде Ақсуат, шығысында Мақаншы аудандарымен, ал оңтүстігінде Жетісу облысының Алакөл ауданымен шектеседі. Жер бедері едәуір күрделі. Егер оның солтүстік жағын Тарбағатай жотасының батыс сілемдері Қарауылтөбе, Ақтас (1316 м) және Ақшәулі (1618 м) таулары алып жатса, оңтүстік жағын Тарбағатай жотасының оңтүстік ұсақ шоқылы беткейі мен Алакөл ойысының солтүстік бөлігі, ал оңтүстік-шығыс бөлігін Бармақ құмы мен Қосай шағылы, Көрпебай (568 м), Бақты (1273 м), Арқарлы және Арасан таулары алып жатыр. Осыған байланысты ауданның жер бедері солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай едәуір еңіс келеді. Аудан жерінде Тарбағатай жотасының ең биік жерлері Атбас тауы (2263 м) мен Тастау (2992 м) таулары

және Тікжолдана, Қызасу, Ақшоқы, Кіші Сырғанақ асулары орналасқан.

Жер беті сулары Балқаш – Алакөл алабына жатады. Оған бастауын Тарбағатай жотасы мен оның сілемдерінен алатын Ай, Қаракөл, Үлкен Текебұлақ, Үржар (Өржар), Қатынсу, Еміл, т.б. өзендері кіреді. Сасықкөл мен Алакөл көлдерінен басқа ауданның Батыс жағында Шыңқожа, Кенжебай, Қолдар, т.б. шағын көлдер бар.

Климаты тым континенттік. Қаңтар айының орташа температурасы –14 –  17°С, шілдеде 21 – 23°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері солтүстік таулы бөлігінде 400-600 мм-ден, оңтүстігінде 165 – 200 мм-ге дейін ауытқиды. Таулы бөлігінің өсімдіктері мен топырақтары биіктік белдеуге сәйкес тараған. Сондықтан мұнда таулық күлгін, таулық шалғынды топырақ белдемдерінде шалғынды шөптер, өзен бойларында қайың, терек, жабайы алма, әр түрлі жемістер мен жидектер, тау етектерінде селеулі-бетегелі шөптер, шөлейтті бөлігінде жусан, бұйырғын, көкпек, баялыш, жүзгін, ши, т.б. өседі. Сонымен қатар облыс көлеміндегі, толған алма бақтары гүлден десте жамылған жалғыз ғана аудан. Мамыр айында Тарбағатай биіктерінен алқызыл қар тау етектеріне қарай жылжығандай  болады. Жануарлар дүниесінен тауларда қоңыр аю, арқар, марал, қасқыр, түлкі, қоян, елік, борсық, ал құстардан құр, шіл, қарға, сауысқан, көгершін, өзен бойлары мен көлдерде қаз, үйрек, тырна, т.б. мекендейді.

Экономикасы

Үржар ауданы негізінен қой, ет-сүт бағытындағы ірі қара мал және дәнді дақылдар өсірумен айналысады. Кен байлықтарынан құрылыстық тастар мен кірпіштік саздар бар. Ауыл шаруашылығына жарамды жерінің аумағы 2265,3 мың га, оның ішінде 376,3 мың га-сы егістік, 102,9 мың га-сы шабындық, 1786,1 мың га-сы жайылым. 90-жылдың ортасына дейін аудан экономикасын негізінен ұжымшарлар мен кеңшарлар, қосалқы шаруашылықтар, аудандық aуыл шаруашылығы бірлестіктер құрады. Ауданда машина-трактор жөндеу шеберханасы, тұрмыстық қызмет көрсету мекемелері, май, нан зауыттары мен диірмендер, т.б. жұмыс істейді.

Мәдениеті

Үржар ауданындағы Таскескен – Бақты автожолын қалпына келтіру кезінде оның аймағында қалған обалардың үйіндісі астындағы тас табыттан, яғни 1,7 м тереңдіктегі үлкен мәрмәр тас тақтаның астынан ақсүйек текті жас әйелдің сүйектері табылды. Қазына табылған қорғанның орналасқан жері – Алтыншоқы ауылдық округі. Үржар ханшайымы атауы берілген қазына Қазақстан аумағынан табылған бесінші алтын адам. Зерттеу жұмыстарын Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты жүргізді. Маман археологтер аталған жәдігерге б.з.д. IV-III ғасырларда өмір сүрген, билеуші әулеттен шыққан әйел деген анықтама беріп отыр.

Сонымен қатар, бүгінде Тарбағатай тауының биігіндегі Ақберлі шыңында шақырымдарды алып жатқан петроглифтер көптеп кездеседі. Тарихшы ғалымдардың пайымдауынша, Тарбағатай тауындағы таңбалы тастар біздің заманымызға дейінгі IV-V және VI-VII ғасырларда бедерленген көрінеді.

Аудан орталығында «Уақыт тынысы» атты мерзімді басылым бар. Аудандық өлкетану мұражайы жұмыс атқарады. Тұрғындарға кеңінен танымал «Сонар», «Сельские зори», «Көңіл толқыны» ән-би ансамбілдері  жұмыс атқаруда.

Қазіргі уақытта облыс бойынша аудан – ең үлкен ауданның біріне жатады.  

Lorem ipsum dolor sit amet, consectetur adipiscing elit. Ut elit tellus, luctus nec ullamcorper mattis, pulvinar dapibus leo.