Тарихы
Мақаншы ауданы 1928 жылы Семей округінің құрамында құрылды. Ал 1930 жылы таратылды.
Екінші рет Мақаншы ауданы 1935 жылы 9 қаңтарда Алматы облысының құрамында құрылды.
1939 жылы 14 қазанда Мақаншы ауданы Семей облысы құрамына кірді. 1940 жылдың 15 наурызына қарай оның құрамына Ақшоқы, Бақты, Благодарный, Жарбұлақ, Қаратал, Қарғалы, Киров, Көктал, Мақаншы, Петровский және Подгорный ауылдық кеңестері кірді.
1954 жылы Көктал ауылдық кеңесі Петровскіге, Подгорный Ақшоқы ауылдық кеңесіне қосылды. Қарғалы, Қаратал және Жарбұлақ ауылдық кеңестері таратылды.
1957 жылы Қарабұта кенттік кеңесі құрылды.
1959 жылы Ақшоқы ауылдық кеңесі Бақтымен біріктірілді. Жарбұлақ ауылдық кеңесі құрылды.
1963 жылы 2 қаңтарда Мақаншы ауданы таратылып, оның аумағы Үржар ауданына берілді.
1969 жылы 14 мамырда Мақаншы ауданы қалпына келтірілді. Оның құрамына Үржар ауданының Бақты, Благодарный, Жарбұлақ, Киров, Мақаншы және Петровский ауылдық кеңесі кірді.
1974 жылы Қарабұлақ, 1975 жылы — Ақшоқы, 1983 жылы — Қаратал, 1986 жылы — Көктал ауылдық кеңестері құрылды.
1986 жылы ауданда 11 ауылдық кеңес болған: Ақшоқы, Бақты, Благодарный, Жарбұлақ, Қарабұлақ, Қарабұта, Қаратал, Киров, Көктал, Мақаншы, Петровский.[1]
1991 жылы Петровский ауылдық кеңесі Көктерек болып өзгертілді.
1993 жылы Жарбұлақ ауылдық кеңесі Қабанбай, Киров — Қаратұма болып өзгертілді.
1997 жылы 3 мамырда Семей облысының таратылуына байланысты Мақаншы ауданы Шығыс Қазақстан облысына берілді.
1997 жылы 23 мамырда Мақаншы ауданы таратылып, аумағы Үржар ауданына берілді.[2]
2023 жылғы 28 желтоқсандағы ҚР Президентінің №424 Жарлығымен 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мақаншы ауданы Үржар ауданынан бөлініп, төртінші рет қайта құрылды.[3]
Географиялық орны
Батысында Үржар, солтүстігінде Ақсуат аудандарымен, оңтүстігінде Жетісу облысының Алакөл ауданымен, ал шығысында Қытай Халық Республикасымен шектеседі.