Ақсуат ауданы

Исследуйте Абайскую область с помощью нашей интерактивной карты. Выберите категорию и найдите интересные места рядом с вами.

Ақсуат ауданы – Абай облысының құрамындағы әкімшілік-аумақтық бірлік. Орталығы – Ақсуат ауылы. 27 елді мекен 9 ауылдық округке біріктірілген.

Іргесі 1929 жылы ұжымдастыру кезінде қаланған. 1963-1995 жылдары Ақсуат кеңшарының орталығы болған. 1995 жылы шаруа қожалықтары құрылған. Аудан батысында Аягөз және Жарма аудандарымен, солтүстігінде Көкпекті ауданымен, оңтүстігінде Үржар, Мақаншы аудандарымен мен ҚХР аумағымен, шығысында ШҚО-ның Тарбағатай ауданымен шектесiп жатыр. Ақсуаттың аты екі сөзден шыққан: ақ және суат. Ақсуат – елді мекен аты. Көне түркі тілінде «сув», – «эт» сөзбе-сөз – су, яғни сулы жер мәнін береді.

Тарихы

Ақсуат ауданы 1935 жылы 9 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысының құрамында Көкпекті және Тарбағатай аудандарының бөліктерінен құрылды.

1939 жылы 14 қыркүйекте Ақсуат ауданы Семей облысына кірді. Сонымен бірге оның құрамына Ақжайлау, Ақсуат, Алғабас, Ерназар, Қарғыбас, Қызылқайың, Қызылкесек, Көкжирен, Көктүбек, Құмкөл, Ойшілік, Сталин және Үшарал ауылдық кеңестері кірді.

1954 жылы Алғабас ауылдық кеңесі Ерназарға, Көктүбек – Көкжиренге, Сталин – Қызылкесекке, Қызылқайың – Ақсуатқа қосылды. Қарғыба ауылдық кеңесі таратылды.

1958 жылы Үшарал ауылдық кеңесі Аягөз ауданына берілді.

1963 жылы 2 қаңтарда Ақсуат ауданы жойылып, оның аумағы Көкпекті ауданына берілді.

1964 жылы 31 желтоқсанда Ақсуат ауданы қалпына келтірілді. Оның құрамына Көкпекті ауданының Ақсуат, Ақжайлау, Ерназар, Қызылкесек, Көкжирен, Құмкөл және Ойшілік ауылдық кеңестері кірді.

1965 жылы Ақжайлау ауылдық кеңесі жойылып, Алғабас ауылдық кеңесі құрылды.

1971 жылы Сәтпаев ауылдық кеңесі, 1980 жылы Жданов ауылдық кеңесі құрылды.

1989 жылы Жданов ауылдық кеңесі Екпек болып өзгертілді.

1993 жылы Ерназар ауылдық кеңесі Ырғызбай, Алғабас ауылдық кеңесі Кіндікті болып өзгертілді.

1997 жылы 3 мамырда Семей облысының таратылуына байланысты Ақсуат ауданы Шығыс Қазақстан облысына берілді.

1997 жылы 23 мамырда Ақсуат ауданы жойылып, оның аумағы Тарбағатай ауданына берілді.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 мамырдағы № 887 Жарлығына сәйкес 2022 жылы 7 маусымда Ақсуат ауданы Тарбағатай ауданының құрамынан бөлініп, жеке аудан болып қайта құрылды.

Табиғаты

Ақсуаттың климаты өте континентті. Климаттың континенттігі ауданның көп жерінде температураның тез ауытқуынан, ауаның құрғақ болып, жауын – шашынның аз жауатындығынан байқалады. Климатының мұндай болу себебі – оның мұхиттар мен теңіздерден өте алыс қашықтықта орналасуына байланысты. Сондай-ақ, климатқа аудан территориясының және көршілес жатқан аймақтардың жер бедері де әсер етеді. Ақсуат өңірінің континенттік климатынан басқа рельефі мен географиялық орналасуына байланысты жергілікті климаттық ерекшеліктері бар. Таулы аймақтарда климат салқын және ылғалды, жауын-шашын, әсіресе қыста көбірек түседі. Далалық және жайылма аймақтарда климат құрғақ, сирек және қысқа жаңбыр жауады.

Ақсуаттың жазы ыстық, қысы суық, қаңтардың орташа температурасы – 22°С, – 30°С, шілдеде + 25°С, + 35°С. Жылдық жауын-шашын мөлшері 200-300 мм, көбі қыс айларында түседі.

Ақсуат ауданында халық арасында Барқытбел атанған Тарбағатай тауы бар. Түрікше тарбаған – суыр, тай – тау сөздерінен қалыптасқан. «Суырлы тау» мағынасын береді. Ежелгі аты «Тамағ» қазақ жеріндегі ата тау аталады. Мұрын елі мекендеген. Ал тарихшылардың айтуынша, біздің жыл санауымыздың 92 жылы осы Тарбағатай бауырын көне Түркі тайпалары мекендеген. «Тамағ» деп аталған тау Шыңғысхан шабуылынан соң солардың иелігіне көшкеннен соң, билікті 5 ғасыр бойында қолына алған соң жер аттары да өзгеріп төл аты естен шыққан.

Экономикасы

Ақсуат ауданындағы халық саны жеті мыңға жуық адамды құрайды (2021 жылғы деректер). Бұл аймақта халықтың қалыпты өсуі және кейбір ауылдық  қауымдастықтардағы халықтың азаюы байқалады. Халықтың негізгі кәсібі – егіншілік, мал шаруашылығы және балық аулау, сондай-ақ қызмет көрсету мен сауданың әр түрі.

Ақсуат өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы белсенді инфрақұрылыммен, білім беру, медициналық және мәдениет мекемелерінің болуымен сипатталады. Соңғы жылдары халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететін инфрақұрылым мен қызмет көрсету саласын дамытуға инвестиция көлемінің артуы байқалады.

Мәдениеті

Ақсуат ауданында ел арасында Ырғызбай әулие атанған Ырғызбай емшіге арналып салынған кесене орналасқан. Тарбағатай ауданының Ақсуат, Аққала, Шыбынды ауылдарының маңындағы қорғандарға қазба жұмыстары жүргізілген. Алайда, бұл жерлердегі қорғандар толық тоналып кеткендіктен, бірлі-жарым жебенің ұшы, белдіктің әшекейі сияқты ұсақ-түйек заттар ғана табылған. Қазір олар Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы.

Сонымен қатар, археологиялық Ақбаз-I қорымы,  Ақбаз-II қорымы,  Ақбаз-III қорымы бар. Ақжайлау-I қорғандары, Ақ-кезең-І қорымы, Ақтам қорымы,      Алты оба қорымы, Алшын қорымы,  Аршалы қорғандары,         Аюсай қорымы, Базаршаты қорымы,     Бөкенші жалғыз қорғаны,  Дәубай-I, ІІ қорымы, Ескеалмас қорымы, Қаражал қорымы, Қарақойтас қорымы, Қара оба қорғандар тобы,  Қойтас қорымы,       Көкқия жалғыз қорғаны, Көмей қорымы,  Қызылбастау қорымы,     Қырық оба қорымдары табылған. Ақсуат өңірінде Тарбағатай тауында Оралбай петроглифтері, Ақжайлау петроглифтері, Ақсақал петроглифтері, Бөрітастаған петроглифтері кездеседі.

Суы бал, шөбі шүйгін Тарбағатай өңірінің көне замандардан-ақ адамзат баласының құтты мекені болғанын зерттеу жұмыстары барысында көріп жүрміз. «Қойнауына құт қонған Тарбағатай» деп ақын С.Жұматов айтқандай, Тарбағатай ежелден неше жұрт келіп, неше жұрт кеткен мекен екені белгілі. Елеке сазы бұрын зерттелмеген. Алғаш рет археологтардың аяғы тиіп, тұңғыш рет қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлау жұмыстары барысында жергілікті бақташылардың айтуы бойынша, Елеке сазы деген ерекше жер бар екенін естіп білдім, арнайы барып көрдім. Расында, Елеке сазы қорғаны басқаларға мүлде ұқсамайды, бөлекше мәдениет. Елеке сазы жайлауын «Патшалар алқабы» деп айтуға толық негіз бар. Бұл жерде жеті қорым, 300-ден аса қорған бар. Ең үлкен қорғанның диаметрі 120 метр, биіктігі 5 метр шамасында. Осы қорғанның қасында диаметрі 100 метр тағы бір қорған бар. Бір ерекшелігі, біз қазып жатқан қорғанның сыртында (50 метр қашықтықта) тас сақинасы бар. Құрылымына келер болсақ, қорған үш бөліктен тұрады. Бірінші қабаты тастан қаланған, одан кейін топырақпен қапталып, оның сырты кайта тастан қаланған.

Сыртқы формасына қарағанда Жетісудағы ерте темір дәуірінің ескерткішіне өте жақын, ұқсайды. Сыртқы пішіндеріне және құрылымдарына қарағанда бұл қорғандар ерте сақ кезеңімен мерзімделеді. Бұл қорғандарды Шілікті алқабындағы қорғандармен, сонымен қатар, Жетісудағы Бесшатыр, Тывадағы Аржан, Хакасиядағы Салбык қорғандарымен салыстыруға болады.

Lorem ipsum dolor sit amet, consectetur adipiscing elit. Ut elit tellus, luctus nec ullamcorper mattis, pulvinar dapibus leo.