Аягөз ауданы – Абай облысының оңтүстік бөлігінде, Сарыарқаның оңтүстік-шығысында орналасқан. Аудан аумағы 49,6 мың км2. Шығысында Тарбағатай ауданымен, солтүстігінде Абай және Жарма аудандарымен, оңтүстігінде Үржар ауданы және Жетісу облысының Алакөл ауданымен, батысында Қарағанды облысының Ақтоғай ауданымен шектеседі.
Аягөз ауданы – абыздар елі, батырлар мекені. Мұнда Абай Құнанбайұлының, Шоқан Шыңғысұлының, П. Семенов-Тянь Шанскийдің, Г. Потаниннің, А. Янушкевичтің ізі қалған.
Әкімшілік орталығы – Аягөз қаласы (1831). Аягөз қаласы стратегиялақ маңызы бар қала, қалада бірнеше әскери гарнизондар мен ПВО ракеталық әскери кешен орналасқан. Тоғыз жолдың торабы. Республикалық маңызды автожолдар мен Түркістан-Сібір магистралі өтеді: Алматы – Өскемен, Қарағанды – Аягөз – Боғаз. Қала үстінде бірнеше халықаралық әуе жолдарының қиылысы орналасқан.
Тарихы
Аягөз ауданының тарихы 18 ғасырдың ортасынан басталады. Қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы кескілескен шайқастары аудан территориясында – Жоңғар мен Қазақ хандығының шекарасында болып өтті.
1754 жылы Мамырсу жерінде Абылай хан мен Қытай мемлекеті арасында бейбітшілік бітімгершілікке қол қойылды. Аудан өз аумағынан ағып өтетін өзен атауына байланысты Аягөз деп атанған. Осыған байланысты бірнеше деректер бар.
1822 жылы – Сібір қырғыздары туралы Жарғы шығып, 7 ішкі округ құрылды: Қарқаралы, Көкшетау, Аягөз, Ақмола, Баянауыл, Құсмұрын, Көкпекті.
1830 жылы – Аягөз сыртқы округы белгіленіп, бір жылдан кейін ауданды сырттан басқару бұйрығы жарық көрді.
1831 жылы – Аягөз станициясының негізі қаланып, орыстардың Жетісу бойындағы алғашқы тірек бекеті пайда болды.
1854 жылы – Батыс Сібір генерал-губернаторлығының құрамында Семей облысы құрылды.
1928 жылы – Аягөз ауданы құрылды.
1932 жылы — Аудан жаңадан құрылған Алматы облысының құрамына енді.
1938 жылы 4 ақпанда Қазақ ССР Орталық Атқару комитеті Президиумының Қаулысымен Шығыс Қазақстан облысы (ШҚО) ШҚ және Павлодар облысы болып екіге бөлінді, ал 1939 жылы 14 қазанда орталығы Семей қаласы болып, Семей облысы бөлініп шықты. ШҚО орталығы Өскемен қаласына ауысты.
1939 жылы – Аудан жаңадан ұйымдастырылған Семей облысының құрамына енді.
1997 жылдың – мамыр айында Семей облысының таратылуына байланысты аудан Шығыс Қазақстан облысының құрамына енді.
2022 жылдың 8 маусымында бұрынғы Семей облысының аумағы Абай облысы болып құрылды. Аягөз ауданы Абай облысының құрамына енді.
Табиғаты
Аягөз ауданының солтүстігі сай-жыралы, өзенді, көлді, оңтүстігі Балқаш-Алакөл ойысымен астасқан жазық болып келеді. Климаты тым континенттік, жазы ыстық, қысы суық. Қаңтардағы орташа ауа температурасы – 17°С, шілдеде 22°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 200 – 400 мм. Қар қазанның ақыры – қарашаның басында түсіп, сәуірге дейін жатады. Аудан аумағынан Аягөз т.б. кішігірім өзендер ағып өтеді. Топырағы сортаң, кей жерде қоңыр және сұрғылт. Табиғи өсімдіктерден боз, бетеге т.б. өсімдіктер өседі. Жабайы аңдардан: арқар, қасқыр, аю, түлкі, борсық, қоян, сартышқан, құстан: қаз, үйрек, шағала т.б. мекендейді.
Экономикасы
Аягөз – аса маңызды автомобиль, теміржол, әуе жолдарының торабы. Халқы 74,6 мың адамды құрайды (2010 жылдың 1 қаңтары).
Ауданда 1 кент, 22 ауылдық округ бар. Экономикасының негізгі бағыты – мал шаруашылығы.
Автомобиль жөндеу зауыты, т.ж. торабы, вагон-локомотив депосы, тұрмыс қажетін өтеу комбинаттары, жүн өңдеу ф-касы, «Аягөз – нан», «Аягөз – көлік», «Аягөз – астық» акционерлік қоғамдары, баспахана, қалалық жылу орталығы т.б. жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жер аумағы 4452,8 мың га (1997). Аягөз ауданы территориясы Абай облысы бойынша 1 орынды алады және жер ресурстарына бай. Ауданның барлық территориясы 4 985 303 га, оның ішінде: 31 363 га егістік, 2373,0 га тыңайған жерлер, 146 752 га шабындық, 4 285 958 га жайылымдық, 518 085,997 га басқа жерлер.
Ауылшаруашылығына арналған жерлер 2 125 669,55 га құрайды, оның ішінде: 12 293,76 га егістік, 18 310,38 га тыңайған жерлер, 49 210,0 га шабындық, 2 036 905,21 га жайылымдық, 8950,20 га басқа жерлер.
Аудан бойынша 1 346 шаруа қожалықтары бар, оларда 1 949 429,37 га ауылшаруашылық жерлері тіркелген, оның ішінде: 12 074,76 га егістік, 14 563,38 га тыңайған жер, 42 782,0 га шабындық, 1 871 640,03 га жайылымдық, 8369,20 га басқадай жерлер.
Мәдениеті
Аягөз жері – аңыздар, абыздар елі. Бұл ауданнан оның тарихын жырлаған көптеген белгілі адамдар шыққан. Кешегі өткен ақын Дулат Бабатайұлы, Ақтамберді жырау, белгілі айтыс ақыны Әріп Тәңірбергенов осы өлкенің түлектері.
Аягөз ауданында 18 тарихи ескерткіш бар. Олардың ішіндегі ең үлкені халықтық архитектура үлгісінде салынған, әлемге әйгілі Қозы Көрпеш – Баян сұлу кесенесі.
Қозы Көрпеш – Баян Сұлу мазары – 10-11 ғасырларда тұрғызылған сәулет өнер ескерткіші. Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Тарлаулы ауылдық округі Таңсық ауылына таяу, Аягөз өзенінің оң жағалауында орналасқан. Мазар туралы алғаш жазған академик И.П. Фальк (1771). 19 ғасырдың 30-жылдары В.Федоров, 40-жылдары А.И. Шренк, Ш.Уәлиханов (1856), Н.А. Абрамов (1858), М.Путинцев (1863), Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетек. Ә.Марғұлан) зерттеген (1952).
Барақ сұлтан кесенесі – 19 ғасырдың 2-жартысынан сақталған сәулет өнері ескерткіші. Аягөз қаласы мен Үшбиік станциясының аралығында, Ақшоқы тауының етегіндегі Ащысу алабында орналасқан. Оны Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясы ұйымдастырған экспедиция зерттеген (1990). Қазақстандағы саздан жасалған ең биік кесенелердің бірі.
Барақ сұлтан Найманның Сыбан руын басқарған, заманында жиһанкез Адольф Янушкевич, Құнанбай мен Барақ сұлтан «Даланың барлық жұртының ішіндегі екі ең жарық жұлдыздары» деп жазған. Барақ батыр 1859-1860 жылдарда хан болып сайланған. Ол 1862 жылы елу жасқа толмай қайтыс болған.
Балтабек қажы кесенесі – 20 ғасырдың басынан сақталған сәулет өнері ескерткіші. Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында Ай өзінінің оң жағалауындағы тегіс қыратта орналасқан. Қазақстандағы саздан жасалған ең биік кесенелердің бірі.
Балтабек Байсұлтанұлы, Балтабаек қажы (1860 ж. Жетісу облысы Лепсі уезінің Сергиополь округі, Тауқұм-Балқаш болысының №6 ауылы – 1921, Лепсі) – қазақ биі, қоғам қайраткері, қажы. Балтабек қажы Найман еліндегі айтулы үш шежірешінің бірі.
Әулие қыз мазары – 18 ғасырдан сақталған сәулет өнері ескерткіші. Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Малкелді ауылдық округі Жорға ауылынан батысқа қарай 3 шақырым жерде орналасқан. Әулие қыздың кім екені жайлы дерек жоқ, бірақ ол жерленген бейіт орналасқан тұстың жоғары жағынан 5 шипалы бұлақ ағып шығып, жылға құрайды. Әулие Қыз мазарын жергілікті тұрғындар киелі орын ретінде қастерлейді.
Шақантай батырдың мазары – қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданына қарасты Шұбартау өңіріндегі Бақанас өзенінің бойындағы «Орта Қарауыл» төбесінде орналасқан».
Шақантай Жауғашарұлы (1706 – 1791) – батыр. 1706 жылы, Алтай тауының Сауыр деген жерінде дүниеге келген. Орта жүз руы – Абақ Керей ішіндегі Жастабан. 18 ғасырда өмір сүріп, қиын-қыстау кезеңде қансыраған халқына қалқан, қорған болған. Қазақ-жоңғар соғысында қазақ халқының қас батырлары, бас батырлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, ер Жәнібектермен бірге бірнеше шешуші шайқастарға қатысқан.
Байғара би және Ақтайлақ би кесенелері – Аягөз қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 78 шақырым, Сарыарқа ауылдық округінің Сарыарқа ауылынан 10 шақырым жерде орналасқан. Ескерткішті 1991 жылы Алматы архитектура және құрылыс академиясының экспедициясы (жетекшісі Е.М. Бәйтенов) зерттеген.
Байғара Құттыбайұлы (1699-1775) би, ақын. Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Сыр бойында дүниеге келген. Орта жүздің (Найман) Сыбан руынан шыққан. Атасы Нарымбай би Ташкентте бек болса, ал әкесі Құттыбай би қазақ тарихында асқан шешендігіне орай «Қу дауысты Құттыбай» атанған.
Ақтайлақ Байғараұлы (Ақтайлақ би) 1720-1816 жылдары аралығында ғұмыр сүрген, қазақ халқының атақты шешен биі, әрі төкпе ақын. Орта жүздің (Найман) Сыбан руынан шыққан. Ақтайлақ би заманында алдына жан салмайтын, үлкен рулардың шешендігімен бас қосқан алқалы жиындарда сөйлесіп қағысқанда бір ауыз мақалмен немесе толғау жырымен ел тоқтататындықтан қазақтың қара тілі атаныпты.
Жобалай би кесенесі – Аягөз ауданы Мәдениет ауылдық округінің Мәдениет ауылына қарасты жерде Дағанды өзенінің Балқашқа құйылысынан жоғары жерде орналасқан. Жобалай би кесенесі құйма кірпіштен құйып қаланған не дәуір биік шошақ мазар болған. 2000 жылдың жазында ақ кірпіштен әшекейленіп, кең де, еңселі күмбез болып қайта тұрғызылған.
Жобалай би 1700-1770 жылдары өмір сүрген батыр, би адам болған. Орта жүз руы – Абақ Керей ішіндегі Жастабан. Жобалай Байсейітұлы Алтай керейлері Шұбартау жеріне қоныстанғаннан кейінгі тұңғыш би. Ол 12 жасында бала би атанған.
Бегеш шешен мазары – (Бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданындағы «Горный» совхозы). Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Байқошқар ауылдық округінің Байқошқар ауылынан 18 шақырым жерде орналасқан. 2000 жылдың жазында ұрпақтары мен жергілікті Байқошқар ауылының тұрғындарының қолдауымен Бегеш шешен мазары қайта бой көтерді. Бегеш Сабанұлы – 1834-1911 жылдар аралығында өмір сүрген қазақтың аса алғыр, ділмәр атақты биі. Бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданындағы «Горный» совхозының жерінде, Бақанас өзенінің бойында туған. Руы Жастабан Керей.
Байғотан би мазары – (Бұрынғы Семей облысының Шұбартау ауданының «Алғабас» совхозы) Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Малкелді ауылдық округінің «Бабаң өзені» – деп аталатын қара сумен ағатын кішкене өзеннің оң жағалауында, Қайнар – Баршатас тас жолынан 3 шақырым, ал Малкелді ауылынан 20 шақырым жерде орналасқан.
Байғотан би – 1739-1834 жылдар аралығында өмір сүрген қазақтың аса алғыр биі. Руы Жастабан Керей. 95 жасында қайтыс болған. Қосай Байғотан би жас кезінде батаны Бекназардан шыққан Қожагелді Томан биден алған екен.
Шыңғожа батыр ескерткіші – Шынғожа Базарқұлұлы – 1706 – 1768 жылдар аралығында өмір сүрген.
18 ғасырдағы Жонғар шапқыншылығына қарсы соғыстарда ерен ерліктер жасап, қазаққа даңқы жайылған батыр, қазақ жасақтарының қолбасылырының бірі.
Ақтамберді жырау мазары – 18 ғ. архитектуралық ескерткіш. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының Құндызды ауылының жанында Жүрек Жота деген төбенің басында орналасқан.
Ақтамберді жырау Сарыұлы (1675, қазіргі Оңтүстік Қазақстан, Қаратау, 1768 – қазіргі Шығыс Қазақстан обл. Абай ауданы Құндызды ауылы Жүрек жота төбесі) – жырау, қолбасы, қазақтың көне жыраулық мектебінің белді өкілі, дипломат. 1738 – 1752 ж. қазақ-қалмақтың қанды қақтығыстарының барлығына дерлік қатысқан.
Семей облыстық тарихи-өлкетану музейі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Аягөз қаласындағы филиалы 2013 жылдың 24 желтоқсанында ашылған. Аудандық мұражай құрылысы 2011 жылы қыркүйек айында басталып, 2013 жылдың соңында халыққа қызмет көрсетуге берілді. Қазіргі уақытта аудандық мұражай қорындағы экспонаттардың жалпы саны 1023 сандық бірлікті құрайды. Аталған мүзейде Ақтамберді жыраудың сауыты да бар.