Көкпекті – Абай облысының оңтүстік-шығыс бөлігіндегі әкімшілік бөлік. Алғаш рет 1932 жылы құрылды. 1997 жылы аудан құрамына Самар ауданы еніп, 2022 жылы қайта бөлініп шықты. Жер аумағы 9,1 мың км². Өскемен қаласынан оңтүстікке қарай 243 км жерде, Зайсан көліне солтүстіктен құятын Көкпекті өзені мен республикалық маңызы бар Семей – Зайсан және Өскемен – Көкпекті автомобиль жолдарының қиылысқан тұсында, дала белдемінде орналасқан. Көкпекті ауданы 1930 жылы құрылған. Ауданның көлемі 14 575 шаршы метрді құрайды. Ауданның орталығы – Көкпекті ауылы 1930 жылы құрылған. Аудан Шығыс Қазақстан облысының орталық бөлігінде орналасқан. Оңтүстігінде Тарбағатай ауданымен, батысында Жарма ауданымен, солтүстігінде Ұлан ауданымен, шығысында Бұқтырма су қоймасымен, Зырян, Катонқарағай, Күршім аудандарымен шектеседі. 28 елді мекен 9 ауылдық округке біріктірілген
Тарихы
Округ орталығы болған Көкпекті ауылы кейіннен Семей губерниясының Зайсан уезінің құрамына кірді. 1928 жылы уездер жойылып, жаңа әкімшілік бөліктер аудандар пайда болды. Қазіргі Ақсуат ауданы жаңа атау, «Қызылтассай» деп аталып, жеке аудан болды. Ал Көкпекті ауданы 5-6 ай жаңадан құрылған Үлкенбөкен ауданының құрамында болды да, содан кейін 1930 жылға дейін Самар ауданының құрамына енді. 1930 жылдың қазан айында Көкпекті ауданы құрылды, 1933 жылы екі ауданға – Көкпекті және Ақсуат аудандарына бөлінді. Қарт Қалба тауларынан басталып шежірелі Зайсан көліне дейінгі жерді алып жатқан Көкпекті жері қазыналы жер ғана емес, сонымен қатар тарихы қатпарлы өлке.
Атам заманда Абылай осы жер – «Толағай» түбінде шатыр тігіп кеңес шақырған, Атақты Қабанбай, Райымбек батырлардың ізі қалған осы жер. П.Семенов, Тянь-Шаньский мен Шоқан Уәлихановта осы жерге ат басын бұрған екен.
Көкпекті жері жайлы ауызекі әңгімеде «Жеті жұрт келіп, жеті жұрт көшкен екен» дейді. Мұның негізінде шындық жатыр. Ежелгі заманның қалтарасына үңілсек, осынау сайын даладан кімдер өтпеді дейсіз! Ертіс маңынан сыр бойына жосыла-жөңкіп оғыздар өтті. Солардың ізін куа Киев Русіне ат тұяғын бірақ тіреген қимақ-қыпшақ тайпалары қосылды. Одан кейін Ресей патшалығы темір шеңгелін салды.
Архив бойынша Көкпекті казак-орыс бекінісі 1763 жылы салыныпты. Міне осы кезден бастап Көкпекті ауылының іргетасы қаланғалы ретінде тарихы басталып, көптеп ағылып келіп жатқан казактар мен орыстар саны арта түскен.
Содан ұзақ жылдар бойы Семей-Шәуешек арасындағы байланыс бекеті, Зайсан-Семей арасындағы өткерме сауда орталығы болып саналған.
1919 жылдың 10 желтоқсандағы Көкпекті жерінде Кеңес өкіметі орнады.
РКП(б)-ның аудандық бюросы Көкпектіде 1920 жылдың 5 шілдесінде құрылды. Көкпекті ауылы шалғай жатқан елді мекен болғандықтан, саясат пен экономикадан тыс қалған еді.
1921 жылдың 11 қаңтарында Көкпекті ауданының комсомол өкілдерінің партия конференциясы өткізілді. Осы жиында 1921 жылдың 20 қаңтарында өткен облыстық конференция делегаттары сайланды. Коммунистер халық шаруашылығын қалпына келтіру үшін күресті, аудан экономикасын көтерді.
Ауданда 50 мың адам болған екен. Оның 10 мың 5 орыс болыстығына шоғырландырылған орыс ұлысы болды, 40 мыңдайы 8 болыстыққа біріктірілген қазақ халқы. Байырғы тұрғындар тек Көкпекті ауылы мен Үлкен Бөкенде тұратын. Қалғандары 1910-1915 жылдары көшіп, жер аударып келгендер болатын.
Тарихи деректер бойынша 1928 жылға дейін әкімшілік жағынан Өскеменге қарап, уездер таратылған соң Ақсуат жеріндегі «Қызыл тас» ауданының құрамына кірген. 5-6 ай жаңадан құрылған Үлкенбөкен ауданының құрамында болды.Одан кейін 1930 жылға дейін Самар ауданы құрамына еніп келді.
Сөйтіп, Көкпекті аудан ретінде 1930 жылы желтоқсан айында шаңырақ көтерді. Осы мерзімнен бастап Көкпекті ауылы өз алдына аудан болып бөлінді. Ауданның атауы Көкпекті өзеніне байланысты аталды.1933 жылы Көкпекті және Ақсуат аудандары болып қайта ұйымдастырылды.
Табиғаты
Аудан аумағының жер бедері негізінен аласа жоталарды құрайды, солтүстігінде – тау-кен (Қалба жотасы), оңтүстік бөлігінде – Зайсан көлінің шұңқырлары. Ауданның жоғарғы нүктесі – Қаражал тауы (1 606 м). Ауданның оңтүстік-шығысында Зайсан көлінің бір бөлігі орналасқан. Шығыста – Ертіс өзенінде Бұқтырма су қоймасы орналасқан. Ол Көкпекті өзеніне құяды (ағыны – Шегелек, Талды, Қосағаш, Кіндікті), Үлкен Бөкен (салалары – Тасменке, Тентек, Кіші Бөкен, Жұмба, Лайлы). Батыста – Ақсу, Құрайлы өзенімен Зайсан өзеніне жетпей шөлді аймақта кеуіп қалады. Аудан батысында Жарма, оңтүстігінде Ақсуат аудандарымен, солтүстігі мен шығысында ШҚО-ның Ұлан, Самар, Күршім аудандарымен шектесiп жатыр. Ауданның климаты тым континенттік: қысы суық, жазы ыстық, қуаң (Зайсан қазаншұңқырында). Қаңтарда ауаның орташа температурасы – 20,9°С, шілдеде 20,4°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 200 мм-ден (қазаншұңқырда) 350 – 400 мм-ге дейін барады (Қалба жотасында). Қалба мен оның оңтүстік-батыс сілемінен Зайсан көлі мен Ертіс өзеніне Қарабұғаз, Қурайлы, Көкпекті (салалары Шегелек, Талды, Қосағаш, Кіндікті), Үлкен Бөкен (салалары: Тасмөңке, Тентек, Кішібөкен), Құлажон, т.б. өзендер құяды. Солтүстік-батыстағы Ақсу, Қурайлы өзендері Зайсан көліне жетпей, оның жағасындағы құмға сіңіп кетеді. Ауданның оңтүстік және оңтүстік-шығыс жағын Зайсан көлі мен Ертіс өзеніндегі Бұқтырма бөгені алып жатыр. Аудан жерінің топырағы, негізінен, бозғылт қоңыр. Қалба тауында және өзен аңғарларында қара топырақ тараған. Далалы өңірде бетеге, көде, сарыбас жоңышқа, ұсақ шоқылы жерлерде қараағаш, тобылғы өседі. Тау ішіндегі ылғалды жерлерде шалғын, Қалба жотасында қылқан және жалпақ жапырақты орман, оның сілемдерінің бойында шоқ қайың, терек, мойыл, долана, қарақат, әр түрлі шөптер өседі. Жануарлар дүниесінен қасқыр, түлкі, аю, күзен, қоян, тиін, бұғы, елік, құстардың сан алуан түрі (қаз, үйрек, аққу, шағала, қызғыш, бүркіт, қаршыға, лашын, ителгі, кезқұйрық, тұрымтай, т.б.) тараған. Көлдер мен өзендерде әр түрлі балықтар мекендейді.
Экономикасы
Аудан экономикасының негізгі бағыттары: тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өндірісі, балық өңдеу. Ауданның өндіретін өнеркәсіп өнімдері: рудалар, түсті металл концентраттары, нан және нан өнімдері, ұн, күнбағыс майы, балық. Аудан өнеркәсіп кен орындарына бай. Аудан экономикасы туралы сол кездегі жазба деректерден білуге болады. Көмір Көкпекті өзенінің бас жағында орналасқан, Үлкенбөкен маңында да көмір табылған. Гипс Көкпекті ауылынан 42 километр жерде орналасқан Қойтас тауының беткейінде бар. Ап торф Биғаш қойнауында, оны жергілікті тұрғындар пайдалануда. Көлтау тауында графит бар, оны он жыл бұрын семейлік кепес Плещеев қазып, пайдаланған. Ал Қаратау тауындағы графит кенін 1862 жылы граф Мамонтов ашқан. Тұз кеніші Комсомолдың сыртындағы Қарасу деген жерде болған. Көкпектінің оңтүстігінде және Петропавловкада әк орны бар, онда «Коминтерн» совхозы әк күйдірген. Көкпекті ауданында ішкі туризмнің дамуына көптеген қызметтер көрсетілуде. Аудан аумағында Зайсан көлі, Бұқтырма су қоймасы, Ертіс өзені, Кулунджун демалыс орны орналасқан. Сарыбел селолық округының аумағында 3 демалыс орындары жұмыс істейді, «Рубин», «Черемушка», «Бұқтырмалық лилия». Жаңа спорт кешендері, теннис ойынына арналған столдар, демалуға келген демалушыларға ашық теңіз, катамаран және қайықтар, балық ұстауға арналған қармақ бұның барлығы туризмнің дамуына үлесін тигізуде. Көкпекті ауданы аумағында жазғы спорттық – сауықтыру лагерлері бар, «Көкпекті – Балауса 2» Сарыбель селолық округінің Новостройка ауылында, ал «Көкпекті – Балауса 3» Мариногорка селолық округінің Мойылды ауылында орналасқан. Осы лагерлер спорттық – сауықтыруға бағытталған, оған осы лагерлердің аумақтық орналасуы, таулардың таза ауасы және сұлу табиғаттың көріністері әсерін тигізеді. Тарихи маңызы бар, табиғаттың көркемдігімен тамсандыратын экскурсиялар жүргізу мүмкіндігі бар. Әрбір лагерь спорттық құрал – саймандары бар үлкен спорттық залымен, жазғы демалыс орындары және ойын – сауық алаңымен қамтамасыз етілген.
Мәдениеті
Көкпекті ауданында осыдан 260 жыл бұрын жоңғарлармен шайқаста ерлікпен қаза тапқан, қазақтың Қабанбай, Бөгенбай сынды хас батырларының сенімді серігі болған, заманында батылдығымен, батырлығымен ғана емес, көріпкелдігімен де ерекше көзге түскен Уақ Бармақ батырдың ескерткіші орналасқан.