Жарма ауданы

Исследуйте Абайскую область с помощью нашей интерактивной карты. Выберите категорию и найдите интересные места рядом с вами.

Жарма ауданы – Абай облысының орталық бөлігінде орналасқан әкімшілік бөлініс. Жер аумағы 22,6 мың км². Аудан орталығы – Қалбатау ауылы. Аудан батысында Абай ауданымен, оңтүстігінде Аягөз ауданымен, шығысында Ақсуат, Көкпекті аудандарымен, солтүстік-шығысында ШҚО-ның Ұлан ауданымен, солтүстік-батысында Жаңасемей ауданымен шектесiп жатыр. Ауданда 1 қала, 21 22 әкімшілік-аумақтық бірлік, 66 елді мекен бар

Тарихы

1928 жылы 17 қаңтарда Өскемен уезінің Шар, Колбин және Красно-Октябрь, жартылай Зайсан уезінің Көкпекті және Семей уезінің Луначарский болыстарының жерінен Семей округінің құрамында Жарма ауданы құрылды. Орталығы Жарма станциясы маңындағы кент болды (1928 жылы 3 қыркүйекте БОАК-мен бекітілген).

1930 жылы 17 желтоқсаннан бастап округтік бөліністің жойылуына байланысты таратылған Жаңасемей, Өскемен аудандарының кейбір бөлігі Жарма ауданына қосылып, аудан ірілендірілді.

1932 жылы 20 ақпанда Жарма ауданы Шығыс Қазақстан облысының құрамына енді (1932 ж. 10 наурызда БОАК-мен бекітілген).

1939 жылы 14 қазанда Жарма ауданы Шығыс Қазақстан облысынан жаңадан құрылған Семей облысының құрамына өтті.

1939 жылы 16 қазанда Шар ауданы бөлініп шығып, оған Афанасьев, Божығұр, Кезеңсу, Кудасов, Шалабай ауылдық және Шар кенттік кеңестері берілді.

1942 жылы «Қазаншұңқыр» кеніші маңындағы елді мекен кент мәртебесін алды.

1952 жылы Мырзағұл ауылдық кеңесі таратылды.

1953 жылы Балажал және Қазаншұңқыр кенттік кеңестері ауылдық кеңеске айналды.

1954 жылы Қазаншұңқыр, Балажал, Сталин ауылдық кеңестері жойылды. Таратылған Сынтас ауылдық кеңесінің орнына Бөке кенішінде Ленин кенттік кеңесі ұйымдастырылды.

1957 жылы Малай ауылдық кеңесі Михайловка ауылдық кеңесі болып өзгертілді.

1958 жылы Түрксіб, 1961 жылы Маринов ауылдық кеңестері таратылды.

1963 жылы 2 қаңтарда Жарма ауылдық ауданы құрылып, оған Шар ауданынан Божығұр, Делбегетей, Кезеңсу, Киров, Мұрат, Ново-Баженов, Шалабай ауылдық кеңестері қосылды.

1964 жылы 31 желтоқсанда Жарма ауылдық ауданы мен Шар өнеркәсіптік ауданы біріктіріліп, орталығы Георгиевка ауылы болды.

1966 жылы Мұрат ауылдық кеңесі Қарасу, Шар ауылдық кеңесі Георгиевка, Балықтыкөл ауылдық кеңесі Белтерек ауылдық кеңесі болып өзгертілді. Делбегетей ауылдық кеңесі Жаңасемей ауданына берілді.

1972 жылы 10 наурызда Жарма ауданынан қайта құрылған Шар ауданына Белтерек, Божығұр, Кезеңсу, Октябрь ауылдық кеңестері мен Әуезов кенті берілді.

1978 жылы Криуши, 1981 жылы Ново-Реченск ауылдық кеңестері құрылды.

1985 жылы Бөке жұмысшылар кенті есептік деректерден шығарылып, Юбилейный кентіне жұмысшылар кенті мәртебесі берілді.

1996 жылы Ново-Реченск ауылдық округі таратылып, Солнечный кенті ауылдық елді мекенге айналып, Жаңғызтөбе кентінің қарамағына өтті.

1997 жылы 3 мамырда Семей облысы таратылып, аудан Шығыс Қазақстан облысының құрамына енді.

1997 жылы 23 мамырда Жарма ауданына таратылған Шар ауданының аумағы енді.

2007 жылы аудан орталығы Георгиевка ауылының атауы Қалбатау болып өзгертілді.

Табиғаты

Жері таулы және шоқылы болып келеді. Ауданның солтүстік-шығысында Қалба жотасы орналасқан. Абсолютiк биіктігі 500 – 865 м болатын Асқарлы, Сарыжал, Қарауылтөбе, Жуантөбе, Барақтықан, Ақбиік, Қарамұрын шоқылары бар. Оңтүстік-шығысында абсолютiк биіктігі 780 – 1090 м. Сарыжал, Қандығатай, Жұмағұл, Қарғалы, Желдіқара, Қаратақыр, Әулиешоқы, Семетей, Мұсасерек шоқылары орналасқан. Шар өзенінің жоғары алабын және аудан жерінің батысы мен солтүстік-батысын Еңірекей, Қызылбиік, Сабал, Белтерек, Қаратау, Қасымбел, Маятас, Арқат және Қарағайлы таулары қамтыған.

Климаты тым континенттік. Қаңтардағы орташа ауа температурасы –16 – 18°С, шілдеде 20 – 21°С. Жылдық жауын-шашынның орташа мөлш. 200 – 300 мм. Жер беті суын ауданның шығыс жағында – Шар мен Қызылсу өзендері құраса, оңтүстігінде Шардың сол саласы – Жарма өзені мен Зайсан көліне құятын Көкпекті мен Ащысу өзендері құрайды. Көлдер ауданның тек батыс жағында кездеседі. Ірілері: Қазылжан, Балықшы көлдері, Шолақтерек, Ақсор, Тұздыкөл, Ащыкөл, Қарасор. Шар өзенінде Ақжол мен Бөке кенттерін сумен қамтамасыз ету үшін Шар бөгені салынған. Аудан жерінде негізінен қара, қызғылт қоңыр және боз топырақтар тараған. Онда бұта аралас селеу, көде, бетеге, жусан өседі. Өзен бойларында көптеп тоғайлар кездеседі. Жануарлардан қасқыр, түлкі, қоян, биік тауларда арқар, сарышұнақ, суыр, көлдер мен өзен бойларында қаз, үйрек, шағала, аққу, далалы жерлерде бозторғай, безгелдек, бұлдырық, дала бүркіті мекендейді.

Экономикасы

Жармалықтар өздерінің бай тарихын мақтан етеді. Қола дәуірі кезінде-ақ  кеншілер кен қаза білген.  Жарма жері қазба байлықтарымен ғана емес, сонымен қатар археологтар үшін аса маңызды тарихи орындарымен де мақтана алады. Кен байлықтарынан алтын, кобальт, никель, қалайы, вольфрам, құрылыс материалдары, т.б. бар.

Мәдениеті

Жарма жері ертеден-ақ оңтүстік пен солтүстікті керуен жолдарымен байланыстырып жатыр. Бұл өлке саяхатшылар мен географтарды қатты қызықтырған, олардың көпшілігі жергілікті жердің табиғат көркі, тұрғылықты халықтың тұрмысы мен шаруашылық ерекшеліктері туралы мәліметтер қалдырған. Мәселен, бұл жерлерде Ш.Уәлиханов, П. Семенов-Тян-Шанский, Г.Потанин, В. Обручев, А. Янушкевич сияқты басқа да көптеген атақты ғалымдар мен зерттеушілер болған.

Ауданның тарихи және мәдени мұрасы ретінде 89 ескерткіш сақталған, олардың 54-і археологиялық, 7-і тарихи және 28-і мәдени. Олардың барлығы да мемлкеттік қорғауға алынған. Өлкенің тарихы мен мәдениетінің құжаттары және мұрағаттары аудандық тарихи-өлкетану мұражайында және 10 мектеп мұражайында жинақталған.

Ел мен жерді қорғаудың өшпес үлгісін көрсеткен Еспенбет пен Боранбай би, Қонақай мен Нарбота, Қарақожа мен Жәнібек, Жалаңаш пен Бекжан, Ақтамберді, Итқара, Барақ және басқа да батырлар осында жоңғарлармен соғысқан.

Жарма – ақындар мен әншілер өлкесі. Байғара Сыбан руынан Ақтайлақ би бастаған 17 ақын шыққан.  Өткен ғасырларда өмір сүрген Әріп Тәңірбергенов, Сапарғали Әлімбетов, Қалихан Алтынбаев,  Төлеу Көбдіков жерлестер мақтанышы.

Өлке спортшыларымен де даңқты. Қазақстандағы еркін күрестен тұңғыш спорт шебері, Қабден Байдосовтың, КСРО-ның жеті дүркін чемпионы, Еуропа, Азия және әлем чемпионы, олимпиада ойындарының жүлдегері Дәулет Тұрлыхановтың есімдері кеңінен танымал. Ауданда екі газет: «Рауан – Восход», «Шар тынысы — Шарский вестник» газеттері шығарылады.

Lorem ipsum dolor sit amet, consectetur adipiscing elit. Ut elit tellus, luctus nec ullamcorper mattis, pulvinar dapibus leo.