Ахат Құдайбердиев

Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиев 1900 жылы қазіргі Абай ауданында (бұрынғы Шыңғыстауда) дүниеге келген. Жас кезінен бастап өте зерек болған. Ахат әкесі Шәкәрімнің өлеңдерінің көпшілігін жатқа білетін еді. 1922 жылы Семей қаласындағы совпедтехникумға оқуға түсіп, оны 1927 жылы бітіріп, бастауыш мектеп мұғалімі болып еңбек жолын бастайды. 1930 жылы асыра сілтеу кезінде Кеңес өкіметінің белсенділері «ауыл шаруашылығы өнімдерінің салығын төлемедің» дегенді сылтау етіп Ахатты соттатып жібереді. Оның екі жылын Семей түрмесінде өтеп, қалған үш жылын Шымкент облысына жер аударылады. Ахаң өзі 1934-1936 жылға дейін Шымкент қаласындағы қазақ орта мектебінде оқытушы болып істейді.

Алайда Ахат аға «халық жауы» арамызда жүр деген көрсетіндімен, 1937 жылы он жылға сотталып, Тайгаға жер аударылады. Тайгада жүріп «Тайга» деп аталатын өлең жазды:

«Қоштастым ардақтаған елім мекен,

Арынды өзен, шалқыған көлім мекен.

Кір жуып, кіндік кескен жерім мекен.

Туған жер, қайта айналып келер ме екем,

Елімді ардақтаған көрер ме екем?!

Қан жұтып зарлауменен, сағынумен,

Айдауда демім бітіп өлер ме екем?»

Түрмеде Ахаңменен бірге отырған заңға жетік адамдар ақыл-кеңес беріп, жоғарыға арыз жаз деп, жаздырып, соның нәтижесінде түрмеден 2,5 жыл бұрын ақталып шығады. 1939 жылы айдаудан босанып, Алматы облысының, Іле, Алматы аудандарының колхоздарындағы Тастақ селосындағы мектептерде қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып ұстаздық қызметтер атқарады.

1941 жылы Ол кісі панасыз қалған балалар үйіне қызметке жіберілді. Балаларды тәрбиелеудегі еңбегі бағаланып, мемлекеттік наградалар алған. Алайда қудалау тоқтаусыз жүргізіліп отырған. Ахат аға елге 1968 жылы біржола көшіп келді. Содан 1976 жылға Жидебайдағы ұлы ақын мұражайының шырақшысы болды.

1976 жылдан 1978 жылға дейін Семей қаласындағы Абай музейінің ғылыми қызметкері болып қызмет атқарды. Ол жылдары әйелі Кәделі Алматыда қайтыс болып, Семей қаласының тұрғыны Бәтима Жәкенова шешемізбен жаңа отбасын құрған еді. Бәтима шешеміз 16 жыл Ахат ағамен сыйласып, тату-тәтті тұрмыс құрып, ақсақалын өз қолымен о дүниеге аттандырды.

Ахат Құдайбердиевтің Фзули деген ұл баласы (Икенің қызы Кәделіден туған) 1983 жылға дейін орыс қызымен тұрмыс құрып, Ресейде тұрып, дүние салады. Сол қыстың аяғында қаза болған ұлын жерлеуге қызы Сарамен барып, қайтып келе жатқанда Қостанай қаласының аэропортында мұзға тайып жығылып, жамбас сүйегі сынып, мертігіп, емханаға түседі. 20 ғасырдың басында дүниеге келген Ахат Құдайбердиев, содан ауырып, 1984 жылы июнь айында 84 жасында дүние салады. Сүйегі әкесі Шәкәрімді өзі қойған Жидебайдағы Абай зиратының жанына, әкесінің қасына жерленеді.

Адал еңбегі жоғары бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы», «Еңбек ардагері» медальдарымен Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Ахат Құдайбердиевтің қоғамдық және шығармашылық жұмыстары

Өз алдындағы ұлыларға еліктеу, айтқандарын өз өмірінде жүзеге асыру, осы өткізген он тоғыз жасына есеп беруі, қандай қателіктер жібергендігін ой толғамына салып аңғару, жақсы мен жаманды ажырата білу, келешек өміріне зор мақсаттар қою… Бұл – Абай мектебі. Ұлылар ұлағатының өміршеңдігін жалғастыру мектебі.

Міне, осы мектептен ерте сусындаған, жасынан бойына нәрін сіңірген Ахат аға ұзақ жылғы ғұмырында бұл мектеп үлгісінен бір тайған емес. Оның ең бірінші дәлелі, сол 22-27 жасында Семей қаласында мұғалімдер даярлайтын педтехникумдағы оқуын тәмамдай жүріп, ақындық шеберлігін ұштау мақсатында бірнеше өлеңдер жазуы, ол өлеңдеріне музыкалы әуендер шығарып, сазгерлік өнерге ден қоюы еді.

Ахат Құдайбердиевтің «Арың қымбат», «Жалын мен оттан жаралған», «Өшпес жарық», «Сайра тілім», «Құлпырған жасыл гүл көрсе», «Ардақты жер» атты өлеңдері халық ақындарының жинағы «Шұғыла» кітабында және Т. Бекқожинаның «Қазына» кітабында 11 әні нотасымен жарияланған. Мұның ішінде ақынның жүрегін жарып шыққан «Жас қайың», «Бүгінгі жастардың сөзі», «Сенсіз жүремін қалай», «Кестелі орамал», «Сұрашы, тілейме соғысты», «Жас ұлан тілегі», «Ардақты жер», «Шыңғысты сағынамын» атты өлеңдері «Пушкин және Абай» атты 500 жолдық поэмасы мен әкесі Шәкәрімнің айтуы бойынша үлкен атасы Құнанбайдың өмірінен алып жазған 200 бетке жуық публицистикалық қолжазбасы бар. Ахаттың қай өлеңін алсақ та, онда үлкен философиялық ой, өмір шындығы жатады. Ахат Шәкәрімұлының Семей қаласында түрмеде отырғанда «Аштық азабы», «Қарт өлімі» өлеңдерін жазған. Ахат аға алғаш айдаудан кейін де, бірнеше дүркін қуғын-сүргін көреді. «Халық жауының» баласы деген жалған күйелерді басынан кешіре жүріп, әке мұрасын қапшыққа салып арқалап, жиған-терген. Әке мұрасын жоғалтпаудың, оны ақтап шығып, халық игілігіне жеткізуді ойлаған. Ол өз қолымен жаңаша-кирилица әрпімен бірнеше дана етіп көшіріп,оны сенімді адамдардың қолдарына, архивтерге өткізіп отырған.

Әкесі Шәкәрім өз бетінше көз ізденіп, әйгілі төл туындыларынан тыс араб, парсы, орыс әдебиетінің асыл үлгілерін де қазақшаға аударып, әдебиетімізге үлкен үлес қосты, алайда осы шығармаларының жарық көрмегендері кезінде қолды болып кеткен еді. Сол себепті бұлардың бас-аяғын құрап, жинақтап, түгендеген ақынның баласы Ахат болды. Ол Шәкәрімнің сан алуан өлеңдері мен дастандарын, прозасы мен аудармаларын тірнектеп жинап, өз білетіндерін қолдан көшіріп, орталықтағы кітапханаларға тапсырды.

Ақынның 1988 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген көлемді жинағын құрастыруға да белсене қатысты. Бұл орайда Ахаттың тағы бір елеулі еңбегі: әкесінің көптеген өлеңдерінің қай жылдары, қандай жағдайда жазылғанын дәл анықтап бергені болатын. Бұл ақынның көзқарас танымы мен ой-өрісінің қалыптасу кезеңдерін ашып тану үшін ғылымға аса қажетті екені мәлім. Бұдан тыс ол кісі Шәкәрім өміріне тікелей сәуле түсіретін мәні зор оқиғалардың өзінің «Шәкәрім жайындағы естеліктер» атты қолжазбасына енгізіп, үзінділерін жариялап кетті. Мұнда Шәкәрімнің шығармашылық өмірінің аса мәнді қырлары мен адамгершілік биік тұлғасы әсерлі де ұтымды баяндалған.

Шәкәрімнің ән мұрасын жас кезінен жаттап айтып, кейінгі ұрпаққа жеткізеді. 1966 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясының музыка бөліміне және Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясының фольклор кабинетіне Шәкәрім әндерін магнит таспасына жаздырып, нотаға түсіртеді.

Ахат ақасақал Шәкәрімнің 21 жасында «Жастық», «Кәрілік» деген тақырыптарда өлең жазып, оған ән шығарғанын айтып кеткен. «Жастық» әні мынадай жағдайда туған. Семейге келіп, бір айдай жатып, скрипка тартуды бұрынғыдан да жақсы үйренген Шәкәрім енді елге бет алмай ма, қасында жасы өзінен үш-төрт жас кіші Ақылбай болыпты. Екеуі Семейден ерте шығып, қаладан шыға берісіндегі белеске келіп отырады. Семейден қоңыраудың, барабанның айғай-шуы сияқты неше түрлі дыбыстар естіліп тұрады. Ақын жанындағы Ақылбайға: «Мына естіліп тұрған дыбыстардан, мына көктемнің ғажап көрінісінен бір ән менің ойыма оралып тұр» – дейді. Содан скрипкасын алып, аулақ барып отырады. «Жастық» әні осылайша өмірге келіпті.

Ахат ақын ретінде кеңінен танымал, көп өлеңдері баспа бетін көрген. Семей өңірінде өткізген соңғы 15 жыл ішінде Шәкәрімнің өмірін, шығармаларын, әндерін кеңінен насихаттап, 1984 жылы дүниеден өтеді.

Энциклопедия