Бөжеев Мұратбек

Бөжеев Мұратбек (1910-1980 жж.) – оқытушы, әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері.

Шығыс Қазақстан облысы, Шұбартау ауданының (қазіргі Аягөз) №1 ауылында дүниеге келген. Семей педагогикалық техникумы мен Мәскеу педагогикалық институтын аяқтаған соң, ҚазПИ, ҚазМУ-да оқытушы, КСРО ҒА Қазақ филиалында кіші ғылыми қызметкер, М. Әуезовтың әдеби-мемориалдық мұражайында аға ғылыми қызметкер, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері болған. М. Бөжеев М. О. Әуезовтың 12 томдық шығармаларын даярлап, ғылыми түсініктеме жазуға ат салысқан. «Құрмет Белгісі» орденімен, «Қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Бөжеевтің ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты – қазақ әдебиеті, қазақ фольклоры мәселелері, Абайдың ақындық мектебі. Қазақ әдебиеті тарихының 6 томдығының, М.О. Әуезовтің 12 томдық шығарма жинағының құрастырылуына және басылуына қатысып, ат салысты.«Абай Құнанбаев творчествосының идеялық-көркемдік ерекшеліктері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. «Абайдың ақындық айналасы» атты зерттеу еңбегі, «Абай аудармалары», «Абайдың реализмі» т. б. ғылыми еңбектері, мақалалары – абайтану ғылымына қосылған мол үлес. Әуезов шығармашылығын зерттеуде Бөжеев жазушының 12 томдық шығармалар жинағын құрастырды. Әсіресе жазушының алғашқы еңбектерінің уақытын, бүркеншік аттарын (псевдонимдерін) анықтауда, қолжазба мұрасының араб әрпіндегі мәтіндерін қайта түзуде ерекше ықтияттылық танытты. Музей қызметкерлерімен бірге «М. О. Әуезовтің қолжазба мұрасы» («М. О. Әуезов архивінің ғылыми сипаттамасы») атты келемді еңбекті жарыққа шығарды. «М. Әуезов. Библиографиялық көрсеткіш» еңбегі (1966), «Еңлік – Кебектің» нұсқалары туралы» («Жұлдыз», 1965, №6) мақаласы жарияланды

Энциклопедия