Сыдықов Ерлан Батташұлы

Сыдықов Ерлан Батташұлы (1956 ж.) – ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик, ҚР ҰҒА вице-президенті, Ұлттық тарихшылар конгресінің төрағасы, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, Персона G-Global (15 қыркүйек – 15 желтоқсан 2015 ж.).

Семей қаласында дүниеге келген. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң, кәсіби жолын ассистент оқытушыдан бастап, беделді ғалым, аймақтық университетте кафедра меңгерушісі, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры қызметтерін атқарған.

200-ден астам ғылыми мақаланың, соның ішінде оқу құралдары мен монографиялардың авторы.

Қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласқан: қалалық мәслихаттың V шақырылым депутаты, ҚР Үкіметі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің мүшесі, «Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесі мүшесі, «Еуразия экономикалық ғалымдар клубы» Қауымдастығының құрметті профессоры, Халықаралық педагогикалық білім беру ҒА академигі, Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының акдемигі. «Mangi El» халықаралық ғылыми-танымал тарихи журналының бас редакторы, «Халық тарих толқынында» ғылыми мақалалар жинағы жобасының бас редактор-жетекшісі, «Мир Гумилева» және «Вопросы Евразийства» кітап сериясының бас редакторы, «Гуманитарные науки Сибири» бүкілресейлік ғылыми журналы редакциялық кеңесінің мүшесі. 2015 жылдан Университеттердің Еуразиялық қауымдастығының вице-президенті, ҚР Жоғары оқу орындары ректорлары кеңесінің төрағасы.

Кембридж университеті табыстаған «Әлемнің көрнекті ғалымы» атағын иеленген. Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы.

«Қазақстан Республикасы білім беру саласының үздік қызметкері», «Қазақстан Республикасында ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін» төс белгілерімен, «Парасат» орденімен және 5 мерейтой медальдарымен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілген.

Энциклопедия