Қасқабасов Сейіт Асқарұлы

Қасқабасов Сейіт Асқарұлы (1940-2024 жж.) – фольклоршы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, Халық шығармашылығын зерттеушілердің халықаралық қоғамының мүшесі, Шыңғыс хан (Моңғолия) және Халықаралық Айтматов академиясының академигі.

ШҚО, Семей қаласында дүниеге келген. ҚазПИ-ды, кейін ҚР ҰҒА-ның Әдебиет және өнер институты жанындағы аспирантураны аяқтап, докторлық диссертация қорғаған. Кіші ғылыми қызметкерден директорға дейін жеткен. Әр жылдары Қазақстан КП ОК Саяси үрдістердің идеология және социология бөлімінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы мәдениет секторы меңгерушісі  және ҚР Президенті Аппаратының қызметкері, ҚР Министрлер Кабинеті жанындағы Жоғары аттестация комиссиясының төрағасы қызметтерін атқарған.  

1997-2001 жж. – ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Еуразия ұлттық университетінің шығыстану факультетінің деканы, «Евразия» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі болған. С. Қасқабасов алғаш рет елде ЖАК ұйымдастырып, ғылыми және ғылыми-педагогикалық білікті кадрлар даярлау сынды жаңашыл жұмыстардың негізін қалаған. ТМД аясында Халықаралық мемлекеттік органдарды аттестациялау ассоциациясын құрып, бірінші төрағасы болған.

ТМД көлемінде теңдесі жоқ баспа жобаларының авторы: «Қазақ әдебиетінің тарихы» (10 том), «Қазақ өнерінің тарихы» (3 том, қазақ және орыс тілдерінде), «Қазақ музыкасының антологиясы» (5 том), «Әдеби жәдігерлер» (20 том), «Мировая фольклористика» (3 том), «Мировое литературоведение» (3 том), М. Әуезовтың толық шығармалар жинағы (50 том).

300-ден астам ғылыми жарияланымның, соның ішінде монографияның авторы: «Казахская волшебная сказка»; «Қазақтың халық прозасы»; «Родники искусства»; «Казахская несказочная проза»; «Колыбель искусства»; «Абай және фольклор»; «Золотая жила»; «Жаназық»; «Любви безмерной памятник»; «ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ әдебиеті». В. Радлов жинаған ақын-импровизаторлары шығармаларын, фольклор жәдігерлерін, Ж. Жабаевтың таңдамалы шығармаларын «Алтын сандық» деген атпен басып шығарған.

Халықаралық фольклорлық проза зерттеушілері қоғамының мүшесі (Финляндия); ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің және ҚР Мемлекеттік хатшысы жанындағы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жөніндегі Қоғамдық кеңес мүшесі. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Фольклористика, әдебиеттану және өнертану» секциясының төрағасы. С. А. Қасқабасов Ш. Уалиханов атындағы, Жамбыл атындағы, Махамбет атындағы сыйлықтардың, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, ҚР БҒМ «Қазақстан ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері. М. Шолохов және Ұлы Петр атындағы ресейлік медальдармен марапатталған. Қазақ фольклорын сақтап, дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Ғылым және білім» номинациясымен ТМД-ның мемлекетаралық «Достастық Жұлдыздары» сыйлығымен марапатталған (2011 ж.).

Энциклопедия