Қорабай Серікқазы Сыбанбайұлы

Қорабай Серікқазы Сыбанбайұлы (1957 ж.) – ғалым-әдебиетші, Ресей Жаратылыстану Академиясының профессоры (2014), филология ғылымдарының кандидаты (1992), доцент, профессор (2006).

1957 жылы 13 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы  Белтерек ауылдық округінде дүниеге келген. Белтерек сегізжылдық мектебінен кейін, 1968 жылы Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы мектеп-интернетта оқуын жалғастырды. Мектептен кейін 1974-75 жж. Семей облысы (қазіргі Шығыс Қазақстан), Шар аудандық «Достық туы» газетінде тілші, 1975-76 жж. осы ауданда комсомол комитетінің  хатшысы, спорт әдіскері қызметтерін атқарған. 1976 жылы Өскемен педагогикалық институтының филология факультетіне түсіп, институттан кейін, 1981-84 жж. өзі туып өскен Белтерек ауылының орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. 1984 ж. М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қазақ әдебиеті тарихы бөліміне лаборант болып орналасып,  кейінгі жылдары кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер қызметтерін атқарды. 1993-98 жж. Институттың ғылыми хатшысы, 1998-2000 жж. жетекші ғылыми қызметкер, қазақ әдебиеті тарихы бөлімінің басшысы қызметінде болып, 2000-2005 жж. Институт директорының орынбасары болып тағайындалады.  2005-2010 жж. көне әдебиеттер бөлімінің меңгерушісі, 2010 ж. сәуірінен қазіргі күнге дейін институттың Абайтану және Жаңа дәуір әдебиеті бөлімдерінің меңгерушісі. ҚР  Білім және ғылыми министрлігінің 5 басымды ғылыми жобасына жетекшілік етті. Оның ғылыми жетекшілігімен 6 кандидаттық диссертация қорғалды.

Серікқазы Қорабайдың ғылыми зерттеулері ХV –ХХ ғғ. басындағы қазақ әдебиеті тарихы мәселелеріне арналған.

400 ден аса мақала, 2 монография авторы. 100 томдық «Бабалар сөзі» сериясының 56 және 60 томдары және 20 томдық «Әдеби жәдігерлер» сериясының жауапты редакторы.

Қазақ әдебиеттануы,  қазақ әдебиеті тарихының өзекті мәселелерін, қазақ әдебиеті тарихын, фольклор, ХІХ-ХХ ғғ. басындағы қазақ әдебиеті дәстүрлерін, ХV-XVIII ғғ. ақын-жыраулар мұрасын, ХІХ – ХХ ғғ. басындағы ақындар шығармаларын жинақтап, зерттеп шығаруға қатысты.

С. Қорабай жаңа онтомдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» басылымын шығаруға қатысып, осы басылымның 2-4 томдарының жауапты редакторы болды. Доспамбет, Қазтуған, Ақтамберді, Ақтайлақ би туралы, сондай-ақ, «Дана Хикар Сөзі / Сказание о премудром Хикаре»– армян әліпбиімен жазылған қыпшақ ескерткішін 3-ші томға,  ақын-импровизатор Сабырбай туралы 4-ші томға, Абай мектебі жайында 6-шы томға  енгізуге әзірледі. Ол ХV ғасырдың жазба ескерткіші ««Дана Хикар Сөзі / Сказание о премудром Хикаре» армян-қыпшақ әдеби мұрасы туралы бөлімде Хикар туралы повестің  қыпшақ тіліне аударылу тарихын зерттеген.

Оның «ХХ ғасыр басындағы қазақ сатирасы» монографиясы ХХ ғ. басындағы қазақ сатирасы мәселелеріне арналған. Ол ХХ ғ. басындағы тарихи мәліметтерді, қолжазбалар мен мұрағат құжаттарын зерттеді. Қазақ ғалымдары мен  әдебиетшілер еңбектерінің  негізінде белгілі кезеңдегі ұлттық әдебиет тарихына зерттеулер жүргізіп, тарихи оқиғалар мен тұлғаларды нақтылы сомдап, бейнеледі.

С. Қорабай  Қазақстан Республикасының  материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық Комитетінің мүшесі, «Мәдени мұра» жобасының фольклористика, әдебиеттану және өнертану бөлімдері басшысының орынбасары. «Классика литератур СНГ» (Мәскеу, 2010) сериясы бойынша «Небосвод над моей головой» жинағына енген ХV – ХХ ғғ. басындағы қазақ ақындарының шығармаларына түсініктеме жазды. 1993-2004 жж. «ҚР ҰҒА Хабаршысы. Филология сериясы / Известия НАН РК. Серия филологическая» журналының жауапты редакторы болды. 2000-2004 жж. оның басшылығымен ТМД жас ғалымдарының ғылыми мақалалары жарияланатын  «Әдебиет және өнер мәселелері» / «Вопросы литературы и искусства» жинағы қазақ және орыс тілінде шығарылды. Еңбектері Ресей, Қытай, Турция, Моңғолия, Әзірбайжан елдерінің ғылыми басылымдарында жарияланды.  Қазақ және орыс тілдерінде жазады.

М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.  

Энциклопедия