Әбіш (Әбусағит) Жиреншин
Әбіш (Әбусағит) Жиреншин 1913 жылы Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының Қарауыл ауылында дүниеге келген. Ташкент қаласындағы Орта Азия университетін және Мәскеу қаласындағы М. Горький атындағы Әдебиет институтын тәмамдаған. 1942–1951 жылдары Қазақстанның Орталық музейінің тұңғыш директоры қызметін атқарған. 1951–1953 жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 1954 жылы ақталған. 1954 жылдан бастап Алматы облыстық кітапханасының директоры, кейін Республикалық кітап саудасы бірлестігінің директоры, Мәдениет министрлігі алқасының мүшесі болып қызмет еткен.
Әбіш Жиреншин – қазақ кітаптану ғылымының негізін қалаушылардың бірі, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының шығармашылығын алғаш зерттеушілердің қатарындағы ғалым. Ол баспа және музей ісінің дамуына зор үлес қосып, қазақ халқының этнографиясына қатысты материалдарды жинақтады, еліміздегі кітапхана ісінің өркендеуіне ықпал етті. 1948 жылы тарихшы ғалым Е.Б. Бекмахановты қорғап сөз сөйлеген. 1957–1958 жылдары 1930-жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіровтің және Бейімбет Майлиннің өмірбаяндарын жазды. Сондай-ақ алғашқы қазақ энциклопедиясын жасау жұмысына белсене қатысты.
Әбіш Жиреншиннің «Абай және оның орыс достары», «Абай – қазақ халқының ұлы ойшылы», «Абай және ұлы орыс демократтары» атты ғылыми зерттеулері, «Абай Құнанбаев» шығармаларының бір томдық толық жинағы, сондай-ақ «Қазақ кітаптарының тарихынан» атты монографиясы жарық көрді.